Ел рәміздері ұлықталған шара

4 маусым – ҚР-ның Мемлекеттік рәміздері күні. Атаулы мерекеге орай Жәңгір хан университетінде «Мемлекеттік рәміздер – мақтанышым» атты патриоттық іс-шара ұйымдастырылды.

Ел рәміздерін ұлықтауға арналған салтанатты кеш Мемлекеттік рәміздердің сахна төріне шығарылуымен және Әнұранның шырқалуымен басталды.

Білім ордасының профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушыларды Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтаған БҚАТУ басқарма төрағасының орынбасары, тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректор Ақылбек Сұлтанов: – Мемлекеттік рәміздер – еліміздің дербестігі мен тәуелсіздігін күллі әлемге жария етуші. Сонымен бірге мемлекетіміздің өткені, бүгіні мен болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын бейнесі. Жер шарында мыңдаған ұлттар болғанымен, өзінің тәуелсіздігін жариялау – олардың барлығына бірдей бұйырмаған бақыт. Сондықтан басымызға қонған бақты бағалай білуіміз қажет. «Отан» деген ұғымның өзі осы Елтаңбадан, көк Байрағымыздан және Әнұранымыздан бастау алады. Баршаңызды тәуелсіз еліміздің қасиетті нышандарын қастерлеп, игі мақсаттар жолында талмай еңбектенуге шақырамын, – деді. 

Құттықтау сөз алған университеттегі «Рухани жаңғыру» орталығының директоры Жәмила Сихынбаева әр адам үшін ерекше қымбат ел нышандарын бойтұмардай қастерлеу керектігін жеткізді.

Мерекелік іс-шарада Индустриалды-технологиялық институттың 2-курс студенті Асанәлі Ахметов «Көк тудың желбірегені» әнін орындаса, Дильназ Маратова «Қазақ биін» мың бұрала биледі.

090009, Қазақстан Республикасы, Орал қаласы, Жәңгір хан көшесі, 51
  • Ректор қабылдауы:8 (7112) 50 13 74
  • Кеңсе:8 (7112) 52 21 00
  • Қабылдау комиссиясы:8 (7112) 50 24 01
  • Е-мейл:zapkazatu@wkau.kz
Жаңалықтарға жазылу