Кредиттік оқыту технологиясы бойынша оқу үдерісін ұйымдастыру

Ұлттық білім берудің білім беру бағдарламаларын халықаралық тану, білім беру ұйымдарының білім алушылары мен оқытушыларының оралымдылығын қамтамасыз ету, сондай-ақ білім беру сапасын арттыру және білім берудің барлық деңгейлерінің сабақтастығын қамтамасыз ету үшін білім беру ұйымдарында бірыңғай кредиттік оқыту технологиясы іске асырылады.

Кредиттік оқыту технологиясы білім алушы мен оқытушының оқу жұмысы көлемінің біріздендірілген өлшем бірлігі ретінде кредитті қолдану арқылы, білім алушының пәндерді таңдауы және реттілікпен оқуын өз бетінше жоспарлауы негізінде жүзеге асырылады.

Кредиттік оқыту технологиясы кезінде оқу жұмысының еңбек сыйымдылығының есебі кредит арқылы өлшенетін оқытылатын материалдың көлемі бойынша жүзеге асырылады.

Кредит (Credit, Credit-hour) - білім алушының/оқытушының оқу жұмысы көлемін өлшейтін сәйкестендірілген бірлігі. 1 кредит академиялық кезең бойында білім алушының аптасына 1 академиялық сағаттық аудиториялық жұмысына тең.

Кредиттік оқыту технологиясы білім берудің барлық деңгейлері бойынша бұрын меңгерілген кредиттердің өспелі есебін білдіретін жинақтаушы болып табылады.

Академиялық кезен – теоретикалық оқыту кезен, нысанына байланысты ұзақтығы семестр үшін 15 апта, триместр үшін 10 апта, және тоқсандық үшін 8 апта.

Оқу жылы академиялық кезеңдерден, аралық аттестаттау кезеңдерінен, демалыстардан және практикалардан тұрады.

Аралық аттесттау кезеңінің ұзақтығы кемінде 1 апта.

Білім алушыларға әр бір академиялық кезеңнен каникулдар беріледі, оқу жылындағы каникул уақытының ұзақтығы 7 аптадан кем болмауы керек.

Әр оқу жылына барлық мамандықтар үшін академиялық күнтізбе құрастырылады.

Академиялық күнтізбе (Асаdеmіс Саlеndar) - оқу жылы бойына демалыс күндерін (каникулдар мен мерекелерді) көрсете отырып, оқу және бақылау іс-шараларын, кәсіби практикаларды өткізу күнтізбесі.

Дәріс және практикалық сабақтың ұзақтылығы 50 минут құрайды, зертханалық сабақтың және «Дене тәрбиесі» пәні бойынша практикалық сабақтын ұзақтығы -100 минут (50 минуттан 2 сабақ) құрайды.

Барлық пәндер міндетті және элективті болып бөлінеді.

Міндетті компонент – үлгілік оқу жоспарында белгіленген және білім беру бағдарламасы бойынша студенттер міндетті түрде оқитын оқу пәндерінің және тиісті кредиттердің ең аз көлемінің тізбесі.

Таңдау компоненті (элективті) – жоғары оқу орны ұсынатын, пререквизиттері мен постреквизиттерін есепке ала отырып кез келген академиялық кезеңде студенттердің өздері таңдай алатын оқу пәндерінің және тиісті кредиттердің (немесе академиялық сағаттардың) ең аз көлемінің тізбесі.

Бірінші курс білім алушылары пәндерді оқу жылының алдында, ал жоғарғы курс білім алушылары - екінші семестрдің ортасында пәндерді тандайды.

Пәндер тандалғаннан кейін білім алушының жеке оқу жоспары құрылады.

Жеке оқу жоспары – үлгілік оқу жоспары мен элективті пәндер каталогы негізінде эдвайзердің көмегімен білім алушының әр оқу жылына арнап өзі құрастыратын оқу жоспары.

Әр топқа эдвайзер бекітіледі - тиісті мамандық бойынша білім алушының академиялық тәлімгерінің қызметін атқаратын, оқу траекториясын таңдауына (жеке оқу жоспарының қалыптасуына) және оқу кезеңінде білім беру бағдарламаларын игеруіне ықпал ететін оқытушы.

2020-2021 оқу жылына арналған академиялық күнтізбе

Білім алушылардың оқу жетістіктерін бақылау – білім алушылардың оқудағы жетістіктерін бақылау - жоғары оқу орындары дербес анықтайтын бақылау мен аттестаттаудың әртүрлі нысандары арқылы (ағымдық, межелік, қорытынды) білім алушылардың білім деңгейін тексеру.

Білім алушылардың үлгеріміне ағымдық бақылау – академиялық кезең ішінде, оқытушымен өткізілетін аудиториялық және аудиториялардан тыс сабақтарда білім алушылардың білімін оқу бағдарламасына сәйкес жүйелі түрде тексеру.

Аралық бақылау – бір оқу пәнінің ірі бөлімін (модулін) аяқтағанда білім алушылардың оқу жетістіктерін бақылау.

Қорытынды бақылау – емтихан түріндегі аралық аттестаттау кезеңінде жүргізілген оқу пәні бағдарламасын бағалау сапасының мақсатын игеру, білім алушылардың оқудағы жетістігін бақылау; егер бірнеше академиялық кезеңдер барысында пәндер оқытылатын болса, онда оқытылған нақты академиялық кезеңде, пәндерге бөлімдер бойынша, қорытынды бақылау жүргізіледі.

Білім алушының оқудағы жетістіктерін бақылау олардың оқу пәнінің бағдарламасын оқып болғаннан кейін сол пәнді меңгеру дәрежесін анықтау мақсатында жүргізіледі.

Пәннің оқу бағдарламасымен білім алушылардың білімін ағымдық бағалаудың келесідей түрлері анықталынады: ауызша сұрау, жазбаша бақылау, үй тапсырмаларын қорғау және презентациялау, коллоквиумдар, рефераттар, есептер, тесттер, курстық жобалау, есептік-графикалық жұмыстар және т.б.

Үлгерімді ағымдық бақылау балдарын қою кезінде білім алушының оқу жетістіктерін бағалау үшін балды-рейтингтік әріптік жүйені қолданған дұрыс, яғни білім алушының әрбір дұрыс орындаған тапсырмасы (сабақтағы жауаптары, үй тапсырмаларының орындалуы, БАӨЖ, аралық бақылау) немесе модуль үшін 100 балдық шкаламен есептеледі және академиялық кезеңде жинаған барлық балдарының орташа мәні үлгерімді ағымдық бақылаудың қорытынды балы болып есептеледі.

Егерде семестр ағымында білім алушы құжатпен расталған дәлелді себептері бойынша сабаққа қатыспағандықтан балл жинай алмай қалса, онда ол жіберілген сабақтарды қайта тапсыруына және ағымдық рейтингті көтеруіне құқылы.

Қорытынды бақылау (емтихан) жазбаша, ауызша, тестілеу немесе біріктірілген нысандарда өткізіледі.

Әрбір оқу пәні бойынша емтихан (қорытынды бақылау) өткізу нысаны мен тәртібін университеттің Ғылыми кеңесінің шешімі негізінде ЖОО өзі анықтайды.

Қорытынды бақылауға пререквизит пәндер бойынша академиялық қарызы жоқ және рейтинг балының орташа мәні 50% дан жоғары балл жинаған білім алушылар ғана жіберіледі.

Әрбір пән бойынша емтихан аяқталған соң білім алушыға рейтинг рұқсат пен қорытынды бақылаудың оң бағаларынан (50% және одан жоғары) тұратын қорытынды баға қойылады.

Ағымдық үлгерім бағасы пән бойынша білімді қорытынды бағалаудың 70% құрайды, емтихан бағасы пән бойынша білімді қорытынды бағалаудың 30% құрайды.

Бақылаудың барлық түрлері бойынша (ағымдық бақылау, аралық және қорытынды аттестаттау) білім алушылардың оқудағы жетістіктері білімді бағалаудың әріптік балдық-рейтингтік жүйесі арқылы бағаланып дәстүрлі бағалау шкаласына ауыстырылады.

Білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалаудың дәстүрлі бағалар шкаласына аударылған балдық-рейтингтік әріптік жүйесі.

Әріптік жүйе бойынша бағалар Балдардың сандық эквиваленті %-тік құрамы Дәстүрлі жүйе бойынша бағалар
А 4.0 95-100 Өте жақсы
A- 3.67 90-94
B+ 3.33 85-89 Жақсы
B 3.0 80-84
B- 2.67 75-79
C+ 2.33 70-74
C 2.0 65-69 Қанағаттанарлық
C- 1.67 60-64
D+ 1.33 55-59
D- 1.0 50-54
F 0 0.49 Қанағаттанарлықсыз

Білім алушы рұқсат алу рейтингілік бағаның және/немесе қорытынды бақылаудың нәтижесімен келіспеген жағдайда рейтингті қою және/немесе емтихан өткізілген күннен кейінгі күннен кешіктірмей шағымдана алады. Шағымдану комиссиясы отырысының нәтижелері хаттамамен рәсімделеді.

«Қанағаттанарлықсыз» бағасын оң бағаға қайта тапсыру үшін студент келесі академиялық кезеңдерінің бірінде немесе жазғы семестрде сол пән бойынша оқу жұмыс жоспарында қарастырылған барлық сабақ түрлеріне қайта қатысып, рұқсат алады және қорытынды бақылау тапсырады.

Академиялық кезең – үш нысанның біреуін таңдайтын өз білім беру ұйымының еркімен белгіленетін теоретикалық кезең: семестр, триместр, тоқсан.

Жазғы семестр – білім алушылардың қосымша оқытудағы қажеттілікті қанағаттандыру, ақылы негіздегі академиялық қарыздарын жəне оқу жоспарларындағы айырмаларын жою үшін жазғы демалыс кезінде өткізілетін қосымша оқыту түрі.

Академиялық қарыз – білім алушының оқу пәні бойынша қанағаттанарлықсыз қорытынды баға алу немесе себепсіз жағдайлармен емтиханға келмей қалу нәтижесінде қалыптасқан білімді қорытынды бақылау бойынша бережағы.

Білім алушыны жазғы семестрде пәнді оқуға жазуды оқу басталғанға дейінгі кезеңде деканаттар мен эдвайзерлердің көмегімен тіркеу офисі жүзеге асырады.

Тіркеу офисі - білім алушылардың оқудағы жетістіктерінің барлық тарихын тіркеумен айналысатын және білімін бақылаудың барлық түрлерін және оның академиялық рейтингісіне есеп жасауды ұйымдастыруды қамтамасыз ететін академиялық қызмет.

Білім алушылардың білімін бақылау, олардың оқу жетістіктерін тіркеу жүйесін ұйымдастыру сұрақтары жөнінде әр факультетке әрқашан көмегі мен кеңесін беретін инспектор тіркелген Тіркеу офисі қадағалайды.

Білім алушыларды ауыстыру және қайта қабылдау қағидалары

Білім алушыларды бір білім беру ұйымынан екіншісіне, бір оқу нысанынан екінші нысанға, бір тілдік бөлімнен екінші тілдік бөлімге, бір мамандықтан екінші мамандыққа, ақылы негізде оқудан мемлекеттік білім беру гранты бойынша оқуға ауыстыру жүзеге асырылады.

Білім алушыны ақылы негізден мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқуға ауыстыру білім беру грантын беру ережесіне сәйкес білім алу процесінде босаған білім беру гранттарын беру арқылы жүзеге асырылады.

Күндізгі және кешкі оқу нысанында білім алушылардың ауыстыру және қайта қабылдау туралы өтініштерін қабылдаушы білім беру ұйымының басшысы жазғы және қысқы демалыс кезеңінде, бірақ кезекті академиялық кезең басталғанға дейін бес жұмыс күнінен кешіктірмей қарастырады.

Сырттай оқу нысанында білім алушылардың ауыстыру және қайта қабылдау туралы өтініштерін білім беру ұйымының басшысы бір ай ішінде, бірақ қабылдаушы білім беру ұйымының кезекті емтихан сессиясы басталғанға дейін бес күннен кешіктірмей қарастырады.

Білім алушыларды ауыстыру немесе қайта қабылдау кезінде олардың өткен академиялық кезеңдерде оқыған жұмыс оқу жоспарларындағы пәндердің академиялық айырмашылығы айқындалады.

Жұмыс оқу жоспары пәндеріндегі академиялық айырмашылықты жою үшін білім алушы осы пәндерге жазылады, академиялық кезең ішінде оқу сабақтарының барлық түріне қатысады, ағымдағы бақылаудың барлық түрін тапсырады, қорытынды бақылауға жіберілгендігі туралы рұқсат алады.

Егер академиялық айырмашылық пәндері ағымдағы академиялық кезеңнің оқу сабақтарының кестесіне енгізілмеген жағдайда, білім алушы оларға жазғы семестрге жазылады.

Жазғы семестрде жойылмаған жұмыс оқу жоспары пәндеріндегі академиялық айырмашылық кейіннен академиялық берешек ретінде ескеріледі.

Егер білім алушы жеке оқу жоспарына сәйкес меңгеріп жатқан бағдарламасының бірінші академиялық кезеңін толық аяқтаса, олар оқудан шығарылғаннан кейін ауыса алады немесе қайта қабылдана алады.

Оқу ақысын төлемегені үшін оқудан шығарылған ақылы негізде оқитын білім алушы қарызын өтеген жағдайда, оқудан шығарылған күннен бастап төрт аптаның ішінде оқуға қайта қабылдана алады.

Білім алушыны бір мамандықтан екіншісіне, бір оқыту нысанынан екіншісіне ауыстыру ақылы негізде оқу үшін ғана жүзеге асырылады.

Білім алу кезеңінде Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері қатарында әскери міндетін өтеуге шақырылған білім алушылар тиісті оқу курсына қайта қабылданады.

Белгіленген ауысу балына қол жеткізген және келесі курсқа ауыстырылған білім беру гранты немесе мемлекеттік білім беру тапсырысы (бұдан әрі - мемлекеттік тапсырыс) бойынша білім алушылар академиялық қарызы бар болған жағдайда білім беру грантын немесе мемлекеттік тапсырыс орнын сақтай отырып, оны ақылы негізде жояды.

Білім беру гранты бойынша білім алушы бір жоғары оқу орнынан екіншісіне бір курсқа төмен ақылы негізде ғана ауысуы мүмкін.

Білім беру гранты бойынша білім алатын студент білім беру грантын сақтай отырып басқа ЖОО-ға ауыса алады.

Жекелеген ЖОО-лар үшін бекітілген білім беру гранты бойынша нысаналы орындарға, сондай-ақ бөлінген квота шегінде педагогикалық мамандықтарға түскен студенттер басқа ЖОО-ға тек ақылы негізде ғана ауыса алады.

Магистранттар және докторанттар басқа ЖОО-ға тек ақылы негізде ауысады.

Студенттерді, магистранттарды және докторанттарды басқа ЖОО-дан ұлттық ЖОО-ғa ауыстыру ақылы негізде жүзеге асырылады.

Бұл ретте, білім алушы ұлттық бірыңғай тестілеудің немесе кешенді тестілеудің сертификатындағы балл - кемінде 60 балл және орташа үлгерім балы ЖОО-дағы белгіленген ауысу балынан төмен болмауы тиіс.

Білім алушыларды шетелдік ЖОО-дан қазақстандық ЖОО-ға ауыстыру ақылы негізде жүзеге асырылады.

* Құжат: ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРІНІҢ 20.01.2015 № 19 бұйрығынан

Академиялық демалыстар беру қағидалары

Академиялық демалыс - білім беру ұйымдарында білім алушылар (студенттер, магистранттар, адьюнкттер, курсанттар, тыңдаушылар, докторанттар, интерндер, резиденттер) медициналық айғақтар бойынша және өзге де ерекше жағдайларда өз оқуын уақытша тоқтата тұратын кезең.

Академиялық демалысты ресімдеу үшін білім алушы білім беру ұйымы басшысының атына өтініш береді және осы қажетті құжаттарды тапсырады.

Білім алушыға академиялық демалыс мынадай:

Сырқатына бойынша ұзақтығы 6 айдан 12 айға дейін амбулаториялық-емханалық ұйым жанындағы дәрігерлік-консультациялық комиссияның (бұдан әрі - ДКК) қорытындысы

Ұзақтығы 36 айдан аспайтын туберкулезбен ауырған жағдайда туберкулезге қарсы медициналық ұйымның Орталықтандырылған дәрігерлік-консультациялық комиссияның (бұдан әрі - ОДКК) қорытындысы

Әскери қызметке шақыру туралы қағаз негізінде

Босанғанда, ұл немесе қыз бала асырап алғанда 3 жасқа толғанға дейін беріледі

Білім беру ұйымының басшысы үш жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттардың негізінде білім алушыға басталу және аяқталу мерзімін көрсете отырып, академиялық демалыс беру туралы бұйрық шығарады.

Білім алушы академиялық демалыстан шыққан соң білім беру ұйымы басшысының атына өтініш береді және ауруына байланысты академиялық демалыста жүрген білім алушы осы мамандық бойынша білімін жалғастыру мүмкіндігі туралы қорытындымен қоса науқасты қараған денсаулық сақтау ұйымынан денсаулық жағдайы туралы ДКК (ОДКК) анықтамасын тапсырады.

Ұсынылған құжаттардың негізінде білім беру ұйымының басшысы мамандығын, курсын және тобын көрсете отырып, білім алушының академиялық демалыстан шығуы туралы бұйрық шығарады.

Білім беру ұйымының басшысы ұсынылған құжаттардың негізінде оқу жұмыс жоспарларындағы пәндердің айырмашылығын, оқу курсын анықтайды және офис регистратормен келісе отырып, білім алушының жеке оқу жоспарын бекітеді.

Академиялық демалыстан келген соң білім алушы оқуын аталған демалысты ресімдеген курстан (және академиялық кезеңнен) бастап жалғастырады.

Егер білім алушының академиялық демалыстан келу немесе академиялық демалысқа шығу уақыты академиялық кезеңнің басталуына немесе аяқталуына сәйкес келмесе, онда білім алушы жеке кесте бойынша оқу тапсырмаларын орындап, рейтингке рұқсат алу үшін қажетті балдарды жинайды немесе жазғы семестрде айырмашылықтар пайда болған пәндерге жазылады.

Білім алушы айырмашылықтарды жою үшін ағымдағы оқу жұмысымен қатар академиялық кезеңде барлық сабақ түрлеріне қатысады, белгілі бір модульдің оқу тапсырмаларын орындайды (модульдік оқыту кезінде), аталған пән (модуль) бойынша оқу жұмыс жоспарында қарастырылған ағымдағы және кезеңдік бақылаудың барлық түрлерін тапсырады, рұқсат алады және академиялық күнтізбеге сәйкес білім алушыларды аралық аттестаттау кезеңінде қорытынды бақылауды тапсырады.

* Құжат: ҚР БІЛІ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРІНІҢ 04.12.2014 № 506 бұйрығынан

090009, Қазақстан Республикасы, Орал қаласы, Жәңгір хан көшесі, 51
  • Ректор қабылдауы:8 (7112) 50 13 74
  • Кеңсе:8 (7112) 52 21 00
  • Қабылдау комиссиясы:8 (7112) 50 24 01
  • Е-мейл:zapkazatu@wkau.kz
Жаңалықтарға жазылу